1. Терминдер мен анықтамалар
1.1. Осы Пайдаланушылық келісім-офертаның (бұдан әрі — Келісім немесе Оферта) мақсаттары үшін төмендегі терминдер қолданылады:
1.1.1. «Пайдаланушылар» деп мына тұлғалар түсініледі:
(1) дербес деректерді компьютерлік бағдарламада (интернет-ресурста) пайдалану, тіркеу, жинау, сақтау және өңдеу, сондай-ақ «Bilim Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі — Серіктестік) осы деректерді үшінші тұлғаларға беруі үшін келісім берген, құқық қабілеттілігі мен әрекетке қабілеттілігі бар кез келген жеке тұлға;
(2) заңды өкілі дербес деректерді компьютерлік бағдарламада (интернет-ресурста) пайдалану, тіркеу, жинау, сақтау және өңдеу, сондай-ақ «Bilim Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің осы деректерді үшінші тұлғаларға беруі үшін келісім берген жеке тұлға.
1.1.2. «Дербес деректер» — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі дербес деректер санатына жатқызылған, Пайдаланушы туралы кез келген мәліметтер (оның ішінде тегі, аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайлары), сондай-ақ мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтер.
1.1.3. «Компьютерлік бағдарлама» (бұдан әрі — Бағдарлама) — веб-бағдарлама және/немесе мобильді қосымша түрінде болуы мүмкін, зияткерлік меншік объектілері болып табылатын және оларға коммерциялық және/немесе коммерциялық емес негізде қолжетімділік берілуі мүмкін бағдарламалық өнімдер.
2. Келісімнің мәні
2.1. Осы Келісім Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 395-бабының 5-тармағына сәйкес, Бағдарламаның операторы болып табылатын, БСН 141040020778 «Bilim Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі — Бағдарлама иесі) Пайдаланушыға төменде көрсетілген талаптармен Келісім жасасу туралы жария ұсынысы (офертасы) болып табылады. Оферта Бағдарламада жарияланған сәттен бастап ұсынылған болып есептеледі.
Бағдарлама иесі Пайдаланушыға Бағдарламаны тіркелусіз және ақы төлемей пайдалану мүмкіндігін (қолжетімділікті) береді.
2.2. Келісім Пайдаланушы Бағдарламаны пайдалана бастаған сәттен бастап күшіне енеді. Осы Келісім аясында Бағдарламаны пайдалану деп, оның ішінде, Пайдаланушының Бағдарламада орналастырылған нысандарды толтыруы, Бағдарлама арқылы іске асырылатын жобаларға қатысуы, сондай-ақ Бағдарламаның функционалдық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзге де әрекеттерді жасауы түсініледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 396-бабының 3-тармағына сәйкес, мұндай әрекеттер Бағдарлама иесінің офертасын қабылдау (акцепт) болып саналады.
2.3. Офертаны қабылдау толық, түпкілікті және ешбір шартсыз жүзеге асырылады.
2.4. Келісімнің талаптары ешқандай ескертусіз, шектеусіз және ерекшеліктерсіз толық көлемде ғана қабылдануы мүмкін. Пайдаланушының келісім беруі азаматтық-құқықтық шарттың жасалғанын білдіреді және Пайдаланушыға Келісім талаптарын, оның ішінде Бағдарламадағы мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндет жүктейді.
2.5. Бағдарламаны пайдалану үшін Пайдаланушының осы Пайдаланушылық келісімнің талаптарымен келісуі (офертаны қабылдауы) міндетті шарт болып табылады.
2.6. Осы Келісім оны бұзғанға дейін қолданылады.
Келісімді бұзу үшін Пайдаланушы Бағдарлама иесіне еркін нысанда жазбаша өтініш жолдап, Келісімді бұзуды сұрауы қажет. Бағдарлама иесі өтінішті 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды. Осы мерзім өткеннен кейін Бағдарлама иесі тарапынан қарсылықтар болмаған жағдайда және Пайдаланушыға Келісімді бұзуға ресми келісім жіберілген кезде, Келісім бұзылған болып есептеледі.
2.7. Кәмелетке толмаған тұлғаның Бағдарламаны пайдалануына оның заңды өкілдері келісім (рұқсат) бермеген жағдайда, осы Келісім жасалған болып есептелмейді. Бұл ретте кәмелетке толмаған тұлға осы Келісімнің талаптарымен таныса алады, алайда мұндай танысу мәміле жасасуға әкеп соқпайды және Тараптар арасында қандай да бір азаматтық-құқықтық, қаржылық немесе өзге де қатынастар туындатпайды.
2.8. Нақтылай кетсек, заңды өкілдерінің келісімінсіз кәмелетке толмаған тұлғалар осы Келісімге өз бетінше қол қоймайды және дербес деректерді жинауға, өңдеуге, сақтауға және беруге келісім бермейді.
2.9. Кәмелетке толғаннан кейін бұрын кәмелетке толмаған тұлға Бағдарламаны пайдалануды жалғастырған жағдайда, осы Келісімге автоматты түрде қосылған болып есептеледі.
3. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
3.1. Пайдаланушының құқықтары:
3.1.1. Осы Келісімнің талаптарын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, Бағдарламаны пайдалану;
3.1.2. Тиісті құжаттармен расталған негіздер болған жағдайда, Бағдарлама иесінен өзінің дербес деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ету;
3.1.3. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
3.2. Пайдаланушының міндеттері:
3.2.1. Бағдарлама иесіне дербес деректерін ұсынған кезде өзі туралы шынайы, өзекті және толық мәліметтер беруге міндетті. Егер Бағдарлама иесінде Пайдаланушы ұсынған мәліметтердің дұрыстығына негізді күмән туындаса, ол Пайдаланушыдан құжаттарды және (немесе) өзге де растаушы материалдарды сұратуға, сондай-ақ тиісті материалдарды орналастырудан, жариялаудан немесе өңдеуден бас тартуға, Сайттың жекелеген функцияларына қолжетімділікті уақытша шектеуге және/немесе тиісті материалдарды жоюға құқылы.
3.2.2. Пайдаланушы өзі ұсынған деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге және олардың үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына жол бермеуге міндетті. Сайттың жекелеген функцияларына қол жеткізу үшін логин, пароль немесе өзге де сәйкестендіру құралдары пайдаланылған жағдайда, Пайдаланушы олардың сақталуын өз бетінше қамтамасыз етуге және үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті. Мұндай деректердің Пайдаланушының кінәсінен жоғалуына, жария болуына немесе заңсыз пайдаланылуына байланысты тәуекелдер мен салдарлар үшін Пайдаланушы өзі жауап береді.
3.2.3. Осы Келісімнің 3.3.1-тармағына сәйкес енгізілген өзгерістермен танысу мақсатында Бағдарламада жарияланған Келісімнің мәтінін мерзімді түрде қарап отыру.
3.2.4. Бағдарламада орналастырылған Бағдарлама иесінің және/немесе өзге де үшінші тұлғалардың зияткерлік меншік құқықтарын, сондай-ақ Бағдарламаның кез келген элементіне қатысты құқықтарды бұзбау. Атап айтқанда, Пайдаланушының Бағдарлама иесі орналастырған материалдарды (мәтіндік, графикалық, аудио-, бейнематериалдар және т.б.) Бағдарлама иесінің жазбаша келісімінсіз коммерциялық мақсатта көшіруге, таратуға, хабар таратуға, жариялауға немесе өзге де тәсілдермен көбейтуге және таратуға құқығы жоқ. Бұған Бағдарламада тікелей рұқсат етілген жағдайлар, мысалы, әлеуметтік желілер арқылы «бөлісу» функциясын пайдалану кірмейді.
3.2.5. Сайтқа кіру және оны пайдалану кезінде қолданылатын сәйкестендіру құралдары мен қолжетімділік деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды өз бетінше қабылдау, сондай-ақ олардың үшінші тұлғалардың қолында сақталуына, оларға берілуіне немесе өзге де жолмен пайдаланылуына жол бермеу. Бұл талап Пайдаланушы ортақ пайдаланылатын немесе үшінші тұлғалар қол жеткізе алатын компьютерді пайдаланған жағдайда да қолданылады.
3.2.6. Бағдарламада өзіне қатысты қорлау, қадір-қасиетін кемсіту, беделіне нұқсан келтіру немесе осыған ұқсас әрекеттер жасалған барлық жағдайлар туралы Бағдарлама иесіне хабарлау.
3.2.7. Бағдарламаны, оның ішінде хат алмасу кезінде пайдаланғанда, қоғамда қабылданған әдеп және мораль нормаларын, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жария ақпаратты орналастыру тәртібі мен қағидаларына қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ осы Келісімнің «Ерекше шарттар» бөлімінің талаптарын қатаң сақтау.
3.2.8. Осы Келісімде көзделген және/немесе Бағдарлама беттерінде жарияланған өзге де талаптарды сақтау және міндеттемелерді орындау.
3.3. Бағдарлама иесінің құқықтары:
3.3.1. Өз қалауы бойынша кез келген уақытта осы Келісімнің кез келген ережесін толық немесе ішінара өзгертуге, редакциялауға, жаңа ережелер енгізуге, толықтыруға, алып тастауға немесе күшін жоюға құқылы. Егер Келісімнің жаңа редакциясында өзгеше көзделмесе, ол Бағдарламада жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Бағдарлама иесі осы Келісімнің 3.2.3-тармағына сәйкес Пайдаланушыны енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы хабардар етуге міндетті емес. Келісімді қайта қабылдау (жаңа акцепт беру) талап етілмейді.
3.3.2. Себебін түсіндірместен, Пайдаланушы материалдарын орналастырудан немесе жариялаудан бас тартуға, Сайтта орналастырылған материалдарды жоюға, сондай-ақ Пайдаланушының осы Келісімді, Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған жағдайларын қоса алғанда, оның Сайтқа немесе Сайттың жекелеген функцияларына қолжетімділігін шектеуге не тоқтатуға құқылы.
3.3.3. Пайдаланушы ұсынған электрондық пошта мекенжайына және/немесе ұялы байланыс абоненттік нөміріне Сайттың жұмыс істеуіне, Пайдаланушы материалдарының орналастырылуы мен жариялануына, оның өтініштерінің қаралуына және Сайтты пайдалануға қатысты өзге де мәселелерге байланысты ақпараттық хабарламалар жіберуге құқылы.
3.3.4. Пайдаланушыны алдын ала хабардар етпестен, кез келген уақытта Бағдарламаның дизайны мен пайдаланушы интерфейсін, оның мазмұнын және ұсынылатын функциялардың құрамын өзгертуге, сондай-ақ Бағдарламада пайдаланылатын немесе сақталатын скрипттерді, бағдарламалық қамтылымды, өзге де объектілер мен кез келген қосымшаларды өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
3.3.5. Өз қалауы бойынша, себептерін түсіндірместен және алдын ала ескертусіз, Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Келісімнің ережелерін, басқа Пайдаланушылардың, өзге де үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтарын бұзатын және/немесе бұзуы мүмкін ақпаратты қоса алғанда, Бағдарламадағы кез келген материалды және/немесе функцияны жоюға құқылы.
3.3.6. Өз қалауы бойынша кез келген ақпаратты, оның ішінде Пайдаланушының хабарламаларын, мәртебелерін, өзге де мәліметтері мен материалдарын, егер оларды Пайдаланушы Бағдарламада Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе осы Келісімнің ережелерін бұза отырып орналастырса, жоюға құқылы.
3.3.7. Өз қалауы бойынша Бағдарламада орналастырылған жекелеген материалдар бойынша хат алмасу мүмкіндігін техникалық тұрғыдан өшіруге құқылы.
3.3.8. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де шараларды қабылдауға құқылы.
3.4. Бағдарлама иесінің міндеттері:
3.4.1. Осы Келісімде белгіленген талаптарға сәйкес Пайдаланушыға Бағдарламаны пайдалану үшін қажетті техникалық мүмкіндік беру.
3.4.2. Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын сақтау.
4. Келісімнің ерекше шарттары
4.1. Пайдаланушы төмендегілерді растайды, оларға кепілдік береді және олармен келіседі:
4.1.1. Бағдарлама иесі осы Келісімнің мәтініне қандай да бір өзгерістер енгізгеннен кейін Пайдаланушының Бағдарламаны пайдалануды жалғастыруы оның енгізілген өзгерістермен келіскенін білдіреді.
4.1.2. Пайдаланушының Бағдарламада жариялаған барлық хабарламалары белгілі бір жағдайға немесе тақырыпқа қатысты тек өзінің жеке пікірін білдіреді. Бағдарлама иесінің пікірі Пайдаланушының пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін. Пайдаланушының пікірлері мен хабарламаларындағы қате немесе заңға қайшы мазмұн салдарынан оған қандай да бір зиян келуіне байланысты барлық ықтимал тәуекелдер үшін тек Пайдаланушының өзі жауап береді. Бағдарлама иесі Пайдаланушы жариялаған кез келген ақпараттың мазмұнына және оның жасаған әрекеттеріне қатысты ешқандай міндеттеме алмайды және жауапкершілік көтермейді.
4.1.3. Өзінің дербес деректерін жинау, өңдеу, сақтау және үшінші тұлғаларға беру үдерісінің мәнін түсінеді және осыған байланысты Бағдарлама иесіне ешқандай талап-арыз қоймауға міндеттенеді.
4.1.4. Алаяқтық сипаттағы әрекеттер жасамауға, оның ішінде Бағдарлама иесі қолданатын техникалық қорғаныс құралдарын айналып өтуге және/немесе бұзуға бағытталған әрекеттерді қоса алғанда, кез келген алаяқтық әрекеттерге қолдау көрсетпеуге міндеттенеді.
4.1.5. Егер Пайдаланушы 18 жасқа толмаған болса, Бағдарламаны тек ата-анасының немесе ресми қорғаншысының, қамқоршысының рұқсатымен және олардың бақылауымен пайдалана алады.
4.1.6. Осы Келісімнің талаптарын бұзғаны үшін, оның ішінде үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті қоса алғанда, жеке өзі жауап береді.
4.2. Пайдаланушыға тыйым салынады:
4.2.1. Әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни өшпенділік пен араздықты қоздыруға бағытталған насихат немесе үгіт жүргізуге, соғысты насихаттауға, сондай-ақ әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тілдік немесе өзге де артықшылықты дәріптеуге.
4.2.2. Заңнамаға немесе шартқа сәйкес мұндай ақпаратты жария етуге жеткілікті құқығы болмаған жағдайда, Бағдарламада немесе хабарламалар мен пікірлер арқылы үшінші тұлғалардың қолжетімділігі шектеулі (құпия) ақпаратын орналастыруға немесе беруге.
4.2.3. Осы Келісімде, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында немесе Бағдарламада тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, авторлық құқықпен және өзге де айрықша құқықтармен қорғалатын Бағдарлама материалдарын, басқа Пайдаланушылардың немесе үшінші тұлғалардың материалдарын олардың алдын ала рұқсатынсыз толық немесе ішінара орналастыруға, көшіруге, өңдеуге, таратуға, жариялауға, көпшілік назарына ұсынуға, беруге, сатуға немесе өзге де тәсілдермен пайдалануға.
4.2.4. Бағдарламада жеке және заңды тұлғалардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін немесе келтіруі мүмкін, оның ішінде шындыққа сәйкес келмейтін хабарламаларды, пікірлерді, графикалық бейнелерді немесе өзге де материалдарды орналастыруға. Сондай-ақ нормативтік емес лексика, зорлық-зомбылыққа, терроризмге, қолданыстағы билікті немесе конституциялық құрылысты күшпен құлатуға шақырулар қамтылған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын немесе олардың бұзылу қаупін тудыратын, сондай-ақ елдің әл-ауқаты мен тұтастығына нұқсан келтіретін материалдарды жариялауға.
4.2.5. Бағдарламада порнографиялық сипаттағы материалдарды немесе осындай материалдар орналастырылған интернет-сайттарға апаратын гиперсілтемелерді орналастыруға.
4.2.6. Дербес деректерді және өзге де ақпаратты ұсынған кезде өзі туралы көрінеу жалған, шындыққа сәйкес келмейтін немесе ойдан шығарылған мәліметтерді, оның ішінде басқа адамдардың аты-жөні мен ойдан шығарылған есімдерді көрсетуге.
4.2.7. Бағдарламаның және/немесе оның жекелеген элементтерінің жұмысын тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттер жасауға, Бағдарламаны және/немесе оның элементтерін басқаруға немесе олардың жабық бөлімдеріне (оның ішінде тек Бағдарлама иесіне қолжетімді бөлімдерге) рұқсатсыз қол жеткізуге әрекеттенуге, сондай-ақ осыған ұқсас өзге де әрекеттер жасауға.
4.2.8. Пайдаланушы үшін қолжетімділігі шектелген Сайт деректеріне, материалдарына немесе функцияларына рұқсатсыз қол жеткізуге, сондай-ақ өзге тұлғалардың сәйкестендіру деректерін іріктеу немесе енгізу арқылы мұндай қолжетімділікке қол жеткізуге әрекеттенуге.
4.2.9. Спам-таратылымдарды, яғни хабарламалар, пікірлер және Пайдаланушылардың өзара хат алмасуы арқылы коммерциялық, саяси, жарнамалық және өзге де ақпаратты жаппай таратуға. Бұған осындай ақпарат орналастырылған интернет-сайттарға және/немесе зиянды бағдарламалық қамтылымы бар интернет-сайттарға апаратын гиперсілтемелер де кіреді.
4.2.10. Бағдарламаның саясатына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін кез келген өзге де қызметпен айналысуға.
4.3. Пайдаланушы төмендегі әрекеттерге сөзсіз келісім береді (осы тармақта көрсетілген келісімнен бөлек қосымша келісім талап етілмейді):
4.3.1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жағдайларда ғана Бағдарлама иесінің Пайдаланушының Бағдарлама беттеріндегі әрекеттеріне қатысты ақпаратты уәкілетті органдарға және мүдделеріне Пайдаланушының әрекеттері әсер еткен үшінші тұлғаларға беруіне.
4.3.2. Тіркелу кезінде Бағдарламаға ұсынылған өзінің дербес деректерін жинауға, өңдеуге және таратуға (үшінші тұлғаларға беруге).
5. Дербес деректерді қорғау
5.1. Пайдаланушы Бағдарлама иесі белгілеген тәсілмен өзінің дербес деректерін ұсыну арқылы осы Келісімде көзделген мақсаттар мен шарттарға сәйкес оларды жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға келісім береді.
Үшінші тұлғалардың, оның ішінде кәмелетке толмаған тұлғалардың дербес деректерін ұсынған жағдайда, Пайдаланушы мұндай деректерді Бағдарлама иесіне беруге және осы Келісімге сәйкес өңдеуге қажетті өкілеттіктері мен келісімдері бар екенін растайды.
Пайдаланушы дербес деректерді өңдеудің мақсаттары мен тәсілдерімен, оларды өңдеу мерзімімен, дербес деректер субъектісі ретіндегі өз құқықтарымен, сондай-ақ осы Келісімде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда дербес деректерге қол жеткізу және оларды беру шарттарымен танысқанын растайды.
5.2. Заңды өкілдер (ата-аналар) үшін: Пайдаланушы кәмелетке толмаған тұлғаның дербес деректерін Бағдарлама иесіне ұсыну арқылы өзінің сол тұлғаның заңды өкілі (ата-анасы, бала асырап алушысы, қорғаншысы немесе тиісті өкілеттіктері бар өзге де тұлға) екенін және оның дербес деректерін Бағдарлама иесіне ұсынуға құқылы екенін растайды.
5.3. Кәмелетке толмаған тұлғаның заңды өкілі болып табылатын Пайдаланушы сол тұлғаның атынан оның дербес деректерін жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға, сондай-ақ осы Келісімде, дербес деректерді өңдеуге берілетін жеке келісімде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және көлемде оларды беруге және таратуға келісім береді.
5.4. Бағдарлама иесі Пайдаланушының дербес деректерін мынадай мақсаттарда пайдалана алады:
5.4.1. Пайдаланушының жеке басын сәйкестендіру.
5.4.2. Пайдаланушымен кері байланыс орнату, оның ішінде Сайтты пайдалануға және қызметтерді көрсетуге қатысты хабарламалар мен сұрау салулар жіберу, сондай-ақ Пайдаланушының өтініштері мен сұрауларын қарау.
5.4.3. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында Пайдаланушының орналасқан жерін анықтау.
5.4.4. Пайдаланушы ұсынған дербес деректердің дұрыстығы мен толықтығын тексеру.
5.4.5. Сайтты пайдалануға байланысты мәселелер туындаған кезде Пайдаланушыға тиімді техникалық қолдау көрсету.
5.4.6. Сайтта Пайдаланушының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қатынастарды жүзеге асыру. Дербес деректер Сайтта орналастырылған ақпарат пен материалдарға қолжетімділік беру және олардың сапасын жақсарту мақсатында да өңделеді.
5.5. Жиналатын, сақталатын, өңделетін және таратылатын дербес деректердің санаттары:
5.5.1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5.5.2. Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);
5.5.3. Жеке куәліктің нөмірі және оның берілуі туралы мәліметтер;
5.5.4. Телефон нөмірі;
5.5.5. Электрондық пошта мекенжайы;
5.5.6. Пайдаланушының фотосуреті және бейнесі;
5.5.7. Кәсіби қызмет жүзеге асырылатын өңір;
5.5.8. Пайдаланушы кәсіби қызмет атқаратын немесе бұрын атқарған мектептің не өзге де білім беру ұйымының атауы;
5.5.9. Лауазымы;
5.5.10. Кәсіби қызмет өтілі;
5.5.11. Оқытатын пәні немесе кәсіби қызметінің бағыты;
5.5.12. Пайдаланушы ұсынған дәйексөздер мен өзге де мәліметтер;
5.5.13. Пайдаланушы Бағдарлама иесіне өз еркімен ұсынған өзге де дербес деректер.
5.6. Пайдаланушының дербес деректері 2026 жылғы 1 қазаннан бастап 2027 жылғы 1 қазанды қоса алғанға дейінгі мерзім ішінде сақталады. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды одан әрі сақтау қажет болатын жағдайларды қоспағанда, дербес деректер жойылуға тиіс.
5.7. Бағдарлама иесі Пайдаланушының дербес деректерін заңсыз немесе кездейсоқ қол жеткізуден, жоюдан, өзгертуден, бұғаттаудан, көшіруден, таратудан, сондай-ақ Пайдаланушылардың дербес деректеріне қатысты өзге де заңсыз әрекеттерден қорғау үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қабылдайды.
5.8. Бағдарламаның Пайдаланушысы осы Келісімнің талаптарымен келісетінін растау арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Келісімде белгіленген тәртіппен өзінің, сондай-ақ атынан әрекет етуге өкілеттігі бар үшінші тұлғалардың дербес деректерін жинауға, өңдеуге, сақтауға, үшінші тұлғаларға таратуға және беруге келісім береді.
6. Тараптардың жауапкершілігі
6.1. Пайдаланушы Сайтты пайдалануға, материалдарды, фотосуреттерді, бейнелерді, пікірлерді, хабарламаларды және өзге де ақпаратты ұсынуға және орналастыруға байланысты жасаған әрекеттері үшін үшінші тұлғалар алдында өзі жауап береді. Бұл талап осындай әрекеттер үшінші тұлғалардың немесе Пайдаланушының құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайларға да қолданылады.
6.2. Пайдаланушы Сайтқа кіру және оны пайдалану үшін қолданатын сәйкестендіру құралдары мен қолжетімділік деректерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Осы құралдар мен деректерді пайдалана отырып, өзінің кінәсінен жасалған әрекеттер үшін Пайдаланушы жауап береді.
6.3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Бағдарлама иесі Сайтты пайдалануға, Пайдаланушының материалдарды, фотосуреттерді, бейнелерді және өзге де ақпаратты орналастыруына немесе жариялауына байланысты туындаған кез келген тікелей және/немесе жанама залал, оның ішінде алынбай қалған пайда, деректердің жоғалуы, сондай-ақ ар-намысқа, қадір-қасиетке немесе іскерлік беделге келтірілген зиян үшін Пайдаланушы немесе үшінші тұлғалар алдында жауап бермейді.
6.4. Бағдарлама иесі Пайдаланушылар жариялаған пікірлер мен хабарламаларды жарияланғанға дейін немесе жарияланғаннан кейін модерациялауға және оның нәтижелері бойынша оларды жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
6.5. Егер Пайдаланушының осы Келісімнің талаптарын бұзуына байланысты оған Бағдарламаға немесе оның жекелеген функцияларына қол жеткізуден бас тартылса не мұндай қолжетімділік тоқтатылса және/немесе бұғатталса, Бағдарлама иесі Пайдаланушыға Келісім талаптарының бұзылғанын растайтын қандай да бір дәлелдемелерді, құжаттарды немесе өзге де материалдарды ұсынуға міндетті емес.
6.6. Бағдарлама иесі Бағдарламаның жұмысындағы техникалық ақаулар үшін Пайдаланушы алдында жауап бермейді.
7. Дауларды шешу тәртібі
7.1. Осы Келісімді орындау барысында туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
7.2. Дауларды келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаған жағдайда, осы Келісімнен туындайтын немесе онымен байланысты, оның ішінде Келісімнің бұзылуына, тоқтатылуына немесе жарамсыздығына қатысты барлық даулар, келіспеушіліктер мен талаптар түпкілікті шешу үшін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының қарауына беріледі.
8. Келісімнің қолданылу мерзімі
8.1. Осы Келісім Сайтта жарияланған сәттен бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Келісімнің жаңа редакциясында өзгеше көзделмесе, Бағдарлама иесі белгілеген қолданылу мерзімі ішінде қолданылады.
8.2. Егер Бағдарлама иесі мен Пайдаланушы арасында жасалған жеке шартта өзгеше көзделмесе, Пайдаланушы осы Келісімнің және/немесе Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда, оның ішінде бір рет бұзған кезде де, Бағдарлама иесі Пайдаланушыны алдын ала хабардар етпестен және себептерін түсіндірместен, оның Сайтқа және/немесе Сайттың жекелеген функцияларына қолжетімділігін шектеуге немесе тоқтатуға, Пайдаланушы орналастырған материалдарды жоюға, сондай-ақ олардың жариялануын тоқтатуға құқылы.
8.3. Егер Бағдарлама иесі мен Пайдаланушы арасында жасалған өзге азаматтық-құқықтық шартта өзгеше көзделмесе, Пайдаланушы осы Келісімнің талаптарын және/немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бір рет немесе жүйелі түрде бұзған жағдайда, Бағдарлама иесі Пайдаланушыны алдын ала хабардар етпестен және себептерін түсіндірместен, қандай да бір шығындарды өтемей және Келісім бойынша алынған қаражатты қайтармай, Бағдарламаға қолжетімділікті және оны пайдалану мүмкіндігін кез келген уақытта уақытша тоқтатуға құқылы. Қолжетімділікті қалпына келтіру мерзімін Бағдарлама иесі өз бетінше белгілейді.
9. Қорытынды ережелер
9.1. Осы Келісім Пайдаланушы мен Бағдарлама иесі арасында Бағдарламаны пайдалану мүмкіндігін іске асыру тәртібіне қатысты жасалған азаматтық-құқықтық шарт болып табылады және, егер бұрын осындай келісімдер болған болса, олардың барлығын алмастырады.
9.2. Осы Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі және түсіндіріледі.
9.3. Егер қандай да бір себептермен осы Келісімнің бір немесе бірнеше ережесі жарамсыз немесе заңды күші жоқ деп танылса, бұл оның қалған ережелерінің жарамдылығына немесе қолданылуына әсер етпейді.
9.4. Пайдаланушы немесе өзге де пайдаланушылар Келісімнің талаптарын бұзған жағдайда, Бағдарлама иесінің бірден әрекет жасамауы оның кейіннен өз мүдделерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдау құқығынан айырмайды. Сондай-ақ бұл Бағдарлама иесінің болашақта осындай немесе ұқсас бұзушылықтар орын алған кезде өз құқықтарынан бас тартқанын білдірмейді.
9.5. Келісім жасалған орын — «Bilim Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орналасқан жері.