Өзектілігі
Абай адамның адамшылығы жақсы ұстаздан деп білген. Бұл пікірмен келіспеу әрі педагогтердің ел болашағына қосатын үлесін мойындамау мүмкін емес. Мұғалімдер миллиондаған балаға білім мен тәрбие береді, жөн сілтеп, бар күш-жігері мен білімін аямайды. Бүгінгі болмысымыз — бойымызға ізгілік, әділдік пен адалдық дәнін еккен ұстаздар еңбегінің жемісі.
Дегенмен мұғалімдердің еңбегі кейде назардан тыс қалып жатады. Осыған орай Bilim Group «Bilim бейнесі» ұлттық фотожобасын қолға алды. Ауқымды цифрлық галереяда Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек ететін мұғалімдердің портреті мен ұстаздық ұстанымы ұсынылмақ.
Миссиясы
Қазақстанның білім беру саласының бейнесін ел ұстаздарының портреті арқылы ашу.
Мақсаты
Қазақстан педагогтердің ұлттық цифрлық галереясын құрып, күнделікті ісі арқылы білім саласына оң өзгеріс енгізіп жүрген мамандарды көпшілікке таныту.
Міндеті
«Ұстаз» ұғымының артында өзіндік тәжірибесі бар, оқушылар мен Қазақстан білімінің болашағына сүбелі үлес қосып жүрген нақты тұлғалар тұрғанын көрсету.
Кімдер қатыса алады?
Фотожоба еліміздің барлық мұғалімі үшін ашық: біз еңбек өтіліне, атақ-марапаттарға немесе тұратын мекеніне қарамаймыз. Ең бастысы — мамандыққа деген сүйіспеншілік пен өз ұстанымын бөлісуге деген ықылас.